АЖЫРАСУ. Бір іс бар уайымдап, қатты ойланар. Бұл әңгіме талайға жақпай қалар. Қазағым ері өлгенді «жесір» дейді, Байдан қайтқан әйелге ат қоймаған. Біреу қызға, біріміз ұлға зармыз. Сақырлап жүр салт басты мыңдаған қыз. Өмір сүру жараспас отау құрмай, Құдай сүйген иманды құлға жалғыз Келін түскен той да көп, қыз ұзатқан, Құда, жекжат, құрдасты құжынатқан. Ұзатқан қыз ұзамай қайта келер, Жамандап жаңа жұртын біз ұнатқан. Қисық тілдер түзу сөз айта алмайды. Шаңырақтар бекерге шайқалмайды. Раушан гүл секілді кейбір ару Ұстамасаң тікені байқалмайды. Жалын көңілін жарға айдап жалған арман, Қиялымен қияда самғағандар. Сабы сынған шоттай боп сыртта қалды Сабырлылық сабағын алмағандар. Өмір кино болды әбден, біз көрермен. Адасты мыңдаған жұрт, жүздеген ел... Сериялдарға алданып, мына өмірден Кинодағы бақытты іздегендер. Берік одақ қос құда құра алмай жүр. Берген сертте екі жас тұра алмай жүр. Әлпештеген ару қыз барған жерге, Тастай батып, судай боп сіңе алмай жүр. Ойландырмай өзінің өмірі көп, Көп жастардың тіреп жүр көңілі көк. Отанасы боп қалу оңай емес, «Ажырасқан» атану жеңілірек. Жатжұрттық қыз болатын елге қонақ, Қаға алмай жүр сеніммен кеңге қанат. Ата-аналар жүр енді төменшіктеп, Елге қарар жүздері жерге қарап. Топырақ шаша алмайсың көпке тегі. Турасын айтсаң, туған өкпе етеді. Жәй кезде тілазар қыз, ұзатқан соң, Шешелерін тыңдағыш боп кетеді. Кешегі бидай бүгін кебек боп жүр. Соттан-сотқа сорлылар дедектеп жүр. Үлгі болар жастарға ата-ананың Өздеріне тәрбие керек боп жүр. Тап-таза боп сабырдан, ар, ақылдан, Көбейді іштей күйіп-жанатындар. «Ішке сиған баласын қиынсынбай, Сыртына да сидырып алатындар». Құсы ұшса қанаттарын көкте тербеп, Мә шәә Алла! Құтты болсын!» деп кетер ме ек. Құттықтауға қорқамын кей әкені, «Кеткен қыз келіп қалған жоқ па екен?..» деп. Бір сылтау «тағдыр» менен «пешене» боп, Көгермей жатыр бізде көсеге көп. Осы күні тойларға қорқып барам: «Бұлар да ертең айырылып кете ме...» деп.

Теги других блогов: Казахстан Поэзия Ажырасу